Елімізде серб капиталының қатысуымен 36 кәсіпорын қызмет жасайды
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан мен Сербия сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары саяси консультациялардың кезекті раундын өткізіп, тараптар екіжақты күн тәртіптегі өзекті мәселелерді талқылады және саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық пен мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ортақ ниеттің бар екенін растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келіссөздерді қазақстандық тараптан ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов жүргізсе, серб тарапынан СР СІМ Ресей және Еуразия департаментінің директоры Владимир Йовичич басқарды.
Дипломаттар екі мемлекет арасындағы байланыстарды ұлғайту жоспарларын, атап айтқанда өзара сапарлармен алмасу, екіжақты Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің кезекті отырыстарын өткізу, сондай-ақ, екіжақты шарт-құқықтық базаны кеңейту тақырыбын егжей-тегжейлі қарастырды.
Сонымен бірге кездесу барысында қолда бар екіжақты сауда айналымы әлеуетінің негізінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты қарқындатуға мән берілді. Осы ретте, өзара іс-қимылдың келешегі мол салалары қатарына ауыл шаруашылығы, туризм, энергетикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық, көліктік-логистикалық бағдарларды дамыту секілді бағыттар атап өтілді.
Келіссөздер қорытындысы Астана мен Белградтың ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ аймақтық және жаһандық деңгейлерде өзара мүдделерді ілгерілетуге қызығушылық танытып отырғандықтарын айқын көрсетті.
Сербия Қазақстанның Балқан өңіріндегі маңызды серіктесі болып табылады. 2022 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 52,9 млн АҚШ долларға жетті, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,7 есе ұлғайды. Қазақстанда серб капиталының қатысуымен 36 кәсіпорын қызмет жасайды.