Елімізде саяси бағыт-бағдар ауысты – Ерлан Сайыров
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 30 жыл мемлекетті басқарған топ саяси аренадан кетіп, елімізде саяси бағыт-бағдар ауысты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтты. "Nur Otan" партиясының кезектен тыс съезінің қорытындысымен Facebook-тегі парақшасында бөлісті.
Ол бұл қалыпты жағдай екенін, саясатта да топтар ауысып тұруы қажет екенін жеткізді.
Бұл Қазақстанның саяси тарихындағы аса маңызды тарихи оқиға болды. Тек қана партияның басшылығы ауысқан жоқ, елімізде саяси бағыт-бағдар ауысты. Дәлірек айтсақ, 30 жыл мемлекетті басқарған топ саяси аренадан кетті. Жалпы, біз министрлердің ауысуы, партияның басшылығының ауысуы жөнінде айтқанда одан ешқандай сенсация жасаудың қажеті жоқ. Адамның табиғаты сол - біреу келеді, біреу кетеді. Дәл сол сияқты саясатта да топтар ауысып тұруы қажет. Ондай ауысу болмаса, саяси организм тұрып қалған су тәрізді "борсып кетеді". Судың өзі "өлі суға" айналады. Міне, жүріс-тұрыстың, ауысып тұрудың мән-мәнісі осында. "Nur Otan" партиясынан осыған дейінгі билеуші топ ауысып, кетті. Міне, резюме, - деді ол.
Депутат бұрынғы саяси топтың, әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі жөнінде де жазды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылға дейінгі Қазақстан мемлекетінің шекарасын бекіту, елорданы көшіру, еліміздегі экономикалық реформаларды жасау жөніндегі еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл - мемлекетіміздің бұғанасының қатаюы, шаңырағының мығым болуына қосылған ерекше үлес! Бірақ, медальдың екінші жағы да бар. Еліміздің бүкіл халық болып жасаған экономикалық игіліктерін жекеленген топтардың еншісіне беріп қойған, халық аш-жалаңаш отырғанда сол халықтық меншікті "өздеріне бөле-жара" аударып алған да осы топ. Кешегі "Азаттық" радиосы көрсеткен, Алатаудың бөктеріндегі қаншама гектарға салынған зәулім сарайларды барлығымыз көрдік. Ал қаншама біздің 10 мыңдаған қаракөз, туған-туыс, ағайындарымыз қалада өзінің Конституциямен бекітілген 10-сотық жерлерін ала алмай, зар қақсап жүр. Қаңтарда көшеге шыққан, сол ауылдан қалаға келіп, 10-сотық жерге ие бола алмаған өзіміздің туған-туыстарымыз. Теңсіздік дегеніміз осы. "Әлеуметтік контраст қоғамдық алауыздықтың катализаторы" дегеніміз осы. "Дос жылатып айтады", бұл шындықты біз айтуға дәтіміз жетуі тиіс. Бұл бүгінгі өмір шындығы, - деді Ерлан Сайыров.
Сондай-ақ ол емлекетімізде әлеуметтік әділеттілік принциптері орнығуы тиіс екенін айтты.
Ауыл жастарының білімін арттырып, оларға "әлеуметтік лифт" қалыптастыру өте маңызды. Миллиардттаған соманы ЭКСПО-ға, ЛРТ-ға жұмсадық. Осы соманы ауыл-аймаққа салу қажет. Ауыл біздің асыл қазынамыз! Шекаралық аудандарды ашу керек, - деп жазды саясаттанушы.