Елімізде сағат 20:00-ден кейін алкоголь сатылмауы мүмкін
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда алкоголь өнімдерінің айналымына қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды. Депутат Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйене отырып, елде жасалатын әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші зорлау мен бұзақылық дерегі мас күйінде тіркелетінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сонымен қатар, тонау мен жол-көлік оқиғаларының әрбір төртіншісі, ал тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтарының жартысынан астамы алкогольдік мас күйде жасалатыны айтылды.
Магеррамовтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандардың мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзуы жөніндегі хабарламалар жиілеген. Сауда нысандарының шамадан тыс көптігі олардың жасөспірімдерге алкоголь сатпауын толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты депутат алкоголь көптеген қылмыстың негізгі себебіне айналып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь сатуға тыйым салатын бұрынғы норманы қайта енгізу қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының санын шектеу ұсынылды.
Халық партиясы фракциясы Үкіметке бірқатар нақты шаралар ұсынды. Олардың қатарында алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға енгізу, алкоголь сатылатын нақты сауда нүктелерін белгілеу және өзге жерлерде сатуға толық тыйым салу, бөлшек саудада алкогольді сағат 20:00-ден кейін, ал кафе мен мейрамханаларда сағат 22:00-ден кейін сатуға шектеу қою, интернет арқылы алкоголь сатуға тыйым салу бар.
Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне кәмелетке толмағандар мен жастар арасында алкоголизмнің алдын алу мақсатында цифрлық және медиа платформаларды пайдалана отырып, бірыңғай профилактикалық бағдарлама әзірлеу ұсынылды.