Елімізде әрбір төртінші адам қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Қауіпсіз кәсіпорын – сау жұмысшы» атты кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті.
Шарада өндірістік жарақаттар, кәсіптік аурулар, өндірістегі қайғылы оқиғалар мен еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсарту, сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың денсаулығын сақтау және қолдау мәселелері талқыланды.
Форумды ашқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметі Кәсіподақтар федерациясының ерекше назарында екенін атап өтті. Елімізің кәсіподақтар басшысы өз сөзінде өндірістік жарақат мәселесіне тоқталды. Кәсіподақтар қабылдаған шаралардың нәтижесінде кәсіптік жарақат алу қарқыны төмендегені де айтылды.
«Десек те, қайғылы оқиғалар болып тұрады. Жұмысшылардың көбі құлағаннан қайтыс болады. Көлік апаты, жабдық ақауы, газдан улану мен тоқ соғудан да жиі қаза табады. Кәсіподақтар үшін зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқарту мәселесі өзекті болып отыр. Статистикаға сәйкес,1,6 млн жұмысшының 373 мыңы немесе әрбір төртіншісі, яғни 22,3%-ы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді», - деді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы осы проблемалардың маңыздылығын ескере отырып, Үкіметке еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бөлігінде заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынды. Бұған қоса, қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын күшейту, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды есепке алу әрі бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды ұсынды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылары, әлеуметтік серіктестер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, халықаралық ұйымдар, орталық мемлекеттік органдар және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Форумды Кәсіподақ күнін мерекелеу қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы ұйымдастырды.