Елімізде Қылмыстық кодекске қандай өзгерістер енгізіледі
Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова заң жобасын Орталық коммуникациялар қызметі алаңында таныстырды.
Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық процестік кодекстерге ревизия жүргізіп, іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін барлық нормадан арылуы керегін, сондай-ақ Қылмыстық және Қылмыстық процестік заңнаманың тұрғылықтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Алма Мұқанова Әділет министрлігінің жанында Қылмыстық және Қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жобалық кеңсе және ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын айтты. Жобалық кеңсенің құрамына құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, соттың, ғылыми және адвокаттық қоғамдастық өкілдіктері кірді.
2022 жылғы қазаннан желтоқсанның соңына дейін жобалық кеңсе осы кодекстердің қолданылу практикасы мен статистикалық деректерін ескере отырып, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды, олқылықтар мен сот төрелігіне кедергі келтіретін нормаларды анықтауға бағытталған талдау жұмысын жүргізді. Қылмыстық кодекстің барлығы 485 бабы және Процестік кодекстің 666 бабы талданды, - деді вице-министр.
Сөзінше, заң жобасы қылмыстық процеске қатысушылардың мүдделерін сақтауды ескере отырып әзірленді. Онда сұрақтардың 3 негізгі блогы теңдестірілген түрде пысықталды:
I) Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту;
II) Қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайту;
III) Қылмыстық процесті оңтайландыру және «дебюрократизациялау».