Елімізде Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсенбаев айтты.
Былтыр 21 желтоқсанда «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің съезі өткен болатын.
Оның сөзінше, съезге 271 мұғалім қатысты.
Съездің негізгі мақсаты – кәсіби біліктілігі жоғары педагогтардың әлеуетін жұмылдыру жолымен пәндерді оқытудың өзекті мәселелерін шешу және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын айқындау. Оқытудың жаңартылған білім мазмұнына қатысты дүниелер қарастырылды. Ұйымдастырылған съездің шеңберінде бірнеше мәселе қарастырылды, - деп атап өтті Ғани Бейсенбаев.
- Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерінің қауымдастығын құру туралы, үлгілі оқу бағдарламаларын жетілдіру;
- оқыту өзге тілде жүргізілетін мектептерде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін жеке оқыту мүмкіндігі;
- мұғалімдердің әдістемелік кәсіби біліктілігін көтеру үшін арнайы тест жүйесін енгізу;
- кадрларды даярлайтын ЖОО-дағы филологиялық білім беру бағытын реформалау;
- білім беру бағдарламаларының бағытын реформалау;
- жоғары санатты педагогтар мен ЖОО-ның үздік түлектері жетіспейтін аудандар мен елді мекендерге еңбекке тарту.
Ғани Бейсенбаев бір айдың ішінде жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Ол жұмысын қаңтардан бастады. «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің Үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіруді ұйымдастыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ оқыту өзге тілде жүргізілетін мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін жеке оқыту мәселесін қарастыру үшін кәсіби сарапшылар тобы құрылып, талқылауға дайындық үстінде, - деп айтты ол.