Елімізде қазақ киносының күні аталып өтеді
Қазақ киносының күніне орай «Қазақфильмнің» Жұлдыздар аллеясында режиссерлер, операторлар, суретшілер, актерлер мен кинотанушылардың құрметіне сегіз атаулы жұлдыз ашылады.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм кең прокатқа шықты. Олар: «Гипноз», «Билет из рая», «Әбіл», «Осенний бриз», «Құт» және «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда». Соңғысы мемлекеттік қолдаумен түсіріліп, ел кинотеатрларында коммерциялық прокатқа шыққан алғашқы деректі фильм болды.
Қыркүйекте көрерменге тағы екі жаңа туынды – «38. Соңғы нүкте» және «Бүркітші» жол тартты. «38. Соңғы нүкте» – қазақстандық кино тарихында орманшылар мен қиын жағдайда кәсіби міндетін атқаратын азаматтардың еңбегін арқау еткен алғашқы фильм. Ал «Бүркітші» – «Заң мен тәртіп» бағыты бойынша киножобалар байқауында іріктелген, dark-триллер жанрындағы алғашқы отандық фильм.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесін былтырғы прокат көрсеткіштері де айғақтайды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Qaitadan» фильмі 2025 жылы 1 млрд теңгеден астам кассалық түсім жинады. Бұл фильмге бөлінген мемлекеттік қаржыдан бес есе көп.
Отандық фильмдер ірі халықаралық кино алаңдарында да таныстырылып келеді. «Алтын адам» анимациялық фильмі Жапониядағы Hiroshima Animation Season фестивалінің байқау бағдарламасына енді. «Қазақанимацияның» «KÖLEÑKE» жобасы АҚШ-тағы фестивальде The DarkCat Award қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді. Ал «Mūğalım» фильмі Испаниядағы 74-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің New Directors байқау бағдарламасында Қазақстанды таныстырады.
Жаңа туындылар түсірумен қатар, «Қазақфильмде» ұлттық кино қорын сақтау және жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бес фильм цифрлық форматқа көшіріліп, «Алты жасар Алпамыс» және «Қилы кезең» фильмдері реставрациядан өтті.
Отандық анимация қатарын да жаңа жобалар толықтырып келеді. «Қазақанимация» он пилоттық жобаның өндірісін бастады. Жаңа туындылар Канндағы Marché du Film және Ансидегі Annecy International Animation Film Festival секілді кәсіби кино алаңдарында таныстырылып, отандық анимациялық фильмдер еліміздің өңірлерінде көрсетіліп келеді.
Қазақ киносының күніне орай «Қазақфильмнің» Жұлдыздар аллеясында режиссерлер, операторлар, суретшілер, актерлер мен кинотанушылардың құрметіне сегіз атаулы жұлдыз ашылады. Сондай-ақ биыл режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы аталып өтеді. Оның мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2026-2027 жылдарға арналған атаулы күндер мен мерейтойлар халықаралық күнтізбесіне енгізілген.