Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандар саны артты – онколог
Алматыда ұйымдастырылған Best of ASCO Kazakhstan-2023 саммитінде бірқатар ақпарат баяндалды. Мамандардың пікірінше, қатерлі ісік жас талғамайды. Бұрын егде жастағы адамдар аты жаман ауруға шалдықса, қазір 45-50 жастағы науқастарды жиі кездестіруге болады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында жас мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында жаңа жоба таныстырылды. Әлемнің 7 бірдей елінен келген ғалымдар өзара тәжірибе алмасты.
Соңғы уақытта елімізде сүт безі қатерлі ісігі мен өкпе обырына шалдыққандардың қатары артты. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам тұрғыннан онкологиялық дерт анықталады. Оның 5 мыңы сүт безі, 4 мыңға жуығы өкпе рагына шалдыққан. Бұл конференция біздің онкологтардың білім деңгейін арттырып, халыққа көмек көрсетуді жақсартуға септігін тигізеді. Біз заманауи жабдықтар қойып, жаңа онкологиялық орталықтар сала аламыз, бірақ ең алдымен білім деңгейі жоғары мамандарды даярлауымыз қажет. Онкологтардың білім деңгейін көтеру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Онкологтар әрдайым алдыңғы қатарда болуы керек, – дейді ҚР ДСМ бас штаттан тыс онкологы, «ҚазҒЗИ онкология және радиология» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.
Саммитке 200-ден астам адам қатысты. Онлайн тіркелгендері – 555 адам.
Қазақстанда диагностиканың барлық әдісі жолға қойылған. Кешенді жоспар аясында онкологиялық аурулар бар болуы мүмкін науқастар компьютерлік томография мен МРТ-дан тегін өтеді. Обырдың ерте диагностикасы ауруды бірінші сатыда анықтауға және тиімді емдеуді таңдауға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта профилактикалық сканерден бастап, нақты онкомаркерлерге талдау жасау арқылы жүргізілген зерттеулердің сан алуан түрлері көмектеседі. Кездесу барысында қатерлі ісік ауруларының алдын алу жұмыстарымен таныс болдық. Бір ай бұрын дәл осы саммит АҚШ-та ұйымдастырылды. Сол жерде айтылған ақпарттармен және жаңашылдықтармен қазақстандық мамандар да танысып, тәжірибе алмасты, – дейді «ҚазҒЗИ онкология және радиология» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.