Елімізде қанша шетел азаматы жұмыс істейді
2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 346 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 577 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 591 рұқсат (екінші санат).
Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 190 және 636 адам.
Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 924 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 428 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 812 жұмыс беруші бар. Оларда 391,7 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,8% - ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 905 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 870 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 503, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 361 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 337 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 267 адам, Өзбекстан – 2 080 адам, Түркия – 946 адам, Үндістан – 885 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі.
2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.