Елімізде психиатрдың көмегіне онлайн жүгінуге болады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбеков мамандардың онлайн консультациясын 250 мыңнан астам адам алғанын мәлімдеді.

Пандемияның салдарынан медициналық ұйымдардың жұмысы өзгеріп, науқастарға көмек көрсету тәсілі онлайн режимге бейімделген. 2020 жылғы 4 сәуірден бастап БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен onlinehealth.kz интернет платформасы іске қосылған.

Онда онлайн режимде консультациялар беріледі, жазбаша сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі бар, өзіне көмек көрсету бойынша ақпарат қамтылған, сондай-ақ психикалық денсаулық мамандарына, оның ішінде мектеп психологтарына қиын жағдайда көмек көрсету үшін ресурстар қарастырылған. Платформа іске қосылғалы 80 мыңнан астам пайдаланушы сайтқа кіріп, қызметімен танысты, 250 мыңнан астам көмек алған, 400-ге жуық толыққанды онлайн консультация өткізіліп, ұсыныстар берілген. Сондай-ақ 200-ден аса жазбаша өтініш қаралды, - дейді Алтынбеков.

Білім беру қызметі бойынша бұл платформада 100-ден астам вебинар өткізіп, оған онлайн форматында 22 800-ден астам маман қатысыпты, мектеп психологының тәжірибесіндегі 55 күрделі шынайы жағдайды талдау жүргізілген.

Сонымен қатар ол елімізде ақыл-есі кем адамдарды кемсіту барын және олармен жұмыс істейтін арнайы мамандардың тапшы екенін жеткізді.

Біз ведомствоаралық өзара әрекеттесуде қиындықтар бар екенін, әр түрлі салада, яғни денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау, спорт және тағы басқа оқудан және даярлықтан өткен мамандардың тапшы екенін, қоғамда ақпараттандырудың жеткіліксіздігін, даму ерекшеліктері мен ақаулары бар балалар мен ересек адамдарды кемсітудің, оларды жақтырмау мен қарапайым халық арасында шеттетудің жоғары деңгейге ие екенін білеміз. Бірлескен іс-әрекеттер психикалық, мінез-құлық бұзылулары бар адамдарға көмек көрсетуді жақсартуға септігін тигізеді деп үміттенеміз, - деді ол.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы