19 Тамыз 2026, 13:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Елімізде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артты

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсті.

Қазақстанның 18 өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі байқалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсіп, 5 061,1 млрд. теңгені құрады.

Қай салада үлес көп?

Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті автомобиль, теміржолдары мен метролар (24,7%), тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 21,4%) және тұрғын үйлердің (13,4%) құрылысы алады.

Айта кетейік, Республика бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінен жеке құрылыс ұйымдарымен 90,1%, шетелдік – 9,2%, мемлекеттік – 0,7% орындалды.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде құрылыс жұмыстары көлемінің 2025 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда өсуі имараттарды салу және жөндеу жұмыстарына(19,5%) байланысты.

Өңірлердегі статистика

Аумақтық бөліністе республиканың он сегіз өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсу Ұлытау облысы (3 есе), Қызылорда (34,9%), Павлодар (32%), Атырау (27,9%), Түркістан (25,7%), Шығыс Қазақстан (24,5%), Абай (23,1%), Қостанай (22,3%), Батыс Қазақстан (17,3%) және Жамбыл облыстарында (14,7%), Алматы қаласында (23,3%) байқалады.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 12339 мың шаршы метрді құрады.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы

Сонымен өатар, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2025 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 3,9% көбейді, 9746 мың шаршы метрді құрады, олардан 6546,4 мың шаршы метр – көп пәтерлі және 3157,9 мың шаршы метр – жеке үйлер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін – 9289,5 мың шаршы метрді немесе 95,3%-ын жеке құрылыс салушылар, оның ішінде, 3321,3 мың шаршы метрді халық пайдалануға берген.

Білім беру және денсаулық сақтау саласы

2026 жылғы қаңтар-шілдеде білім беру және денсаулық сақтау саласында 18090 оқу орнына арналған 32 жалпы білім беретін мектеп, 4207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйымдар және ауысымда 198 келіп-кетушіге арналған 6 амбулаториялық-емханалық ұйымдар, сондай-ақ ауруханаға 120 төсек-орын қосымша пайдалануға берілді.