Елімізде «Парасат жолы» өңірлік орталықтары ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының ашылу салтанаты болды.
Бұл орталықтар «Адалдық алаңы» жобасы аясында облыстық, аудандық және ауылдық кітапханалар жанынан ашылып отыр.
Орталықтардың ашылу салтанатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Адалдық алаңы» жобасы аясында облыстық, аудандық және ауылдық кітапханалар жанындағы «Парасат жолы» орталықтарының бірлескен жұмысы туралы меморандумдарға қол қойды.
Меморандум мақсаты азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, парасаттылық идеологиясын ілгерілету, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық құндылықтарды кеңінен насихаттау екені айтылды.
Осыған дейін елордада «Парасат жолы» орталығы 8 қаңтарда Ұлттық академиялық кітапхана базасында ашылған.
Енді осы тәжірибені өңірлерге тарату мақсатында бүгін Қазақстанның барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханасында, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік орталықтар іске қосылды.
Ауқымды жобаға ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік-тәрбиелік және кітапхана қызметкерлері, ғалымдар, жазушылар, ақындар, дін өкілдері мен танымал тұлғалар өз үлесін қосуға ниетті.
Ең басты жеңіс, бұл - қоғам көзқарасын, «жемқорлықты жеңе алмаймыз» деген сенімсіздікті сейілтіп отырмыз. «Адалдық алаңы» жобасы бүгінгі таңда еліміз бойынша үлкен халықтық қозғалысқа айналды. Осы секілді «Antikor Ortalyǵy» сервистік орталықтарының ашылуы. «Адал көмек» - індет кезінде бірден-бір көмек көрсеткен жоба. Заңның күшейтілуі секілді осындай алға ілгерілеушілік жұмыстарымен айналысып, халыққа жеткізуіміз қажет. Осының жалғасы ретінде ашылған «Парасат жолы» жақсы нәтиже береді деген ойдамын, - деді «Парасат жолы» орталығының басшысы болып тағайындалған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел.
Жоба ұйымдастырушылары «Парасат жолы» орталығы адалдық, парасаттылық, әділдік, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастырады деген сенімде.