Елімізде отандық автокөлік өндірісі артты

Алматы, BAQ.KZ.  Қазақстанда  2019 жылдың алғашқы екі айында 5,6 мың автокөлік өндірілген, бұл өткен жылғы осы аралықпен салыстырғанда 34,6% жоғары. Бұл туралы Energyprom хабарлады.

Отандық автокөлік өндірісінің 65,2% үлесімен Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Соңғы екі айда бұл өлкеде 3,6 мың көлік шығарылған, өсім өткен жылға қарағанда +32,6% құраған.

Өскемен қаласында бұл салада «Азия Авто» АҚ жұмыс істеуде және LADA, ŠKODA, Chevrolet, KIA маркалы автокөліктерді шығарып жатыр.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап Өскеменде жаңа автокөлік зауыты салынады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін инвестициялық жоба 400 млн долларға бағаланып келген.

Автокөлік өндірісінің 34,8%-ы Қостанай облысына тиесілі. Мұнда 1,9 мың көлік шығарылған, бір жылдағы өсім 38,6%. Мұнда «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жұмыс істейді. Ондағы өнімдер қатарында  JAC, Peugeot, IVECO, ANKAI, Hyundai, Ravon, Chevrolet Niva көліктері бар. 

Осы жылдың қаңтар айындағы қорытынды бойынша жеңіл авто сегментінде қазақстандық өндірістің үлесі 50,6%-дан 61,2%-ға дейін өскен. Импорт үлесі сәйкесінше 49,4%-дан 38,8%-ға дейін қысқарған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы