Елімізде өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі өзгерді
Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақмола облысында пилоттық жобада өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды. Бұл зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсету мүмкіндігін береді. Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралды. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізілетін болады, - деді Әрінов үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет. Сондай-ақ биік ғимараттарды сөндіруге арналған өртке қарсы екі дрон сатып алынбақ.
Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдықтар сатып алудамыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелердің мұқтаждығына бөлеміз. Оқыту мен жаттығулар арқылы, біз халықты ТЖ кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеміз. Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көп қабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығулар өткізілді. Астана қаласының зәулім үйлеріндегі тұрғындарды эвакуациялауға тікұшақ қолдана отырып, жаттығу өткізуді алғаш рет жоспарлап отырмыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар азаматтарды өрт кезінде өзін-өзі құтқару дағдыларына кезең-кезеңімен үйретеді, осылайша қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыратын боламыз, - деді Шығыс Сайранұлы.
Еске салсақ, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрттің көбіне неден шығатынын айтқан болатын.