Елімізде операторларға сапасыз интернет үшін айыппұл салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық операторларға сапасыз интернет үшін айыппұл салынады. Бұл туралы Мәжілісте депутат Жанна Телпекбаева айтты.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.     

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жанна Телпекбаеваның айтуынша, пандемия және халықтың қашықтан жұмыс істеуге көшуі кезінде көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасының маңыздылығы арта түсті. Сөзінше, тұрғындар интернеттің сапасына қатысты жиі шағымданады.

Депутат ӘҚБтК-нің 637-бабына сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сапасыз қызмет көрсеткені үшін 100 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын айтты.

Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі бұзушылық фактісін мойындаған кезде 50%, яғни 50 немесе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге құқылы. Ал көбінесе операторларға қосымша жабдықты орнатудан гөрі жарты айыппұлды төлеу ыңғайлы. Осылайша байланыстағы барлық қолайсыздық оператор алдындағы міндеттемелерін тұрақты түрде орындайтын абоненттерге әсер етеді, яғни олар тарифті толығымен төлейді, - деп түсіндірді Жанна Телпекбаева.

Депутат заң жобасының техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсету және интернетке қолжетімділік үшін операторлардың жауапкершілігін күшейтетінін атап өтті.

Көрсетілген құқық бұзушылық үшін әкімшілік айыппұлды 1000 АЕК – ке дейін (3 063 000 теңге) және бір жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін-1500 АЕК-ке дейін (4 594 500 теңге) арттыру азаматтардың сапалы байланыс және интернет қызметтерін алу құқығын қорғауға, операторлар арасында бәсекелестік үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, - комитет мүшесі Мәжілістің жалпы отырысында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы