Елімізде Нипах вирусына байланысты шекарадағы санитариялық бақылау күшейді

Қазақстанда Нипах вирусының таралу қаупіне байланысты мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінде эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты шекарадағы бақылау шаралары қатаңдатылған. Әсіресе инфекция бойынша қолайсыз елдерден, оның ішінде Үндістаннан келетін жолаушыларға ерекше назар аударылып отыр. Мұндай мемлекеттердің тізімі тұрақты түрде жаңартылып, санитариялық қызметтердің жұмысы соған сәйкес реттеледі.

Халықаралық әуежайларда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға бағытталған ведомствоаралық оқу-жаттығулар жүргізілуде. Медициналық ұйымдар жоғары дайындық режиміне көшіріліп, инфекциялық қауіптің алдын алу алгоритмдері пысықталған.

Министрлік дерегіне сәйкес, елде дәрілік заттардың, жеке қорғаныс құралдарының және дезинфекциялау препараттарының жеткілікті қоры жасақталған. Санитариялық қызметтер инфекцияның сырттан әкеліну тәуекелін азайту үшін эпидемиологиялық мониторингті күшейткен.

Сонымен қатар ведомство профилактикалық иммундау жұқпалы аурулардың алдын алудың негізгі тиімді тетіктерінің бірі екенін еске салды. Осыған байланысты ата-аналарға ұлттық күнтізбе бойынша балалардың екпелерінің толықтығын тексеріп, қажет болған жағдайда тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгіну ұсынылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы