Елімізде неліктен жүргізуші куәлігін беру шектелуі мүмкін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрліктің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мүше емес тұлғаларға жүргізуші куәлігін беруді шектеуге қатысты ұсынысын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлгінің денсаулыққа қатысты кейбір мемлекеттік қызметтерді шектеуге қатысты ұсынысы бойынша айтып өтсем. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Германия, Норвегия, Ұлыбритания сынды көптеген елдерде, дамыған мемлекеттерде егер жүргізуші куәлігін алғыңыз келсе, медсақтандыруды талап етеді. Тіпті шетелге барсаңыз да медициналық сақтандырусыз сізді ешкім қарамайтынын жақсы білесіздер, - деп түсіндірді ведомство басшысы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында.

Айтуынша, бүгінгі таңда елімізде жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмады.

Жол-көлік оқиғасы өте көп орын алады. Маған күн сайын 10 және одан да артық апаттың болғаны туралы ақпарат келеді. Зардап шеккендердің жартысы қайтыс болады, олар негізінен жастар, еңбекке қабілетті жастағылар, балалар. Ал жартысы ауыр жағдайда түрлі сынықпен медициналық ұйымдарға жеткізіледі. Адамдар мұндай жағдайға түскен кезде медицина қызметкері: «Сіз сақтандырылғансыз ба?» деп сұраса қалай болады? Бұл жерде шұғыл көмек көрсету туралы айтып отырған жоқпын. Көмек онсыз да көрсетіледі. Бірақ кейбір травматологиялық, ортопедиялық күрделі операциялар МӘМС жүйесі арқылы жасалатыны анық, - деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар ол медқызметкерлер науқасты отаға жіберу үшін сақтандыру мәртебесін сұрап отырмауы тиістігін алға тартты.

Бұл жерде бәрі адам денсаулығына келіп тіреліп тұр. Мысалы, анықтама алғысы келеді, оны біз қазір талқылап жатырмыз. Біз өз денсаулығымыз үшін жауаптымыз. Қару алғысы келсе, анықтама керек. Ал бірдеңе бола қалса, медсақтандыруың бар ма? Көмек сұрағанда медициналық ұйымға барасыздар. Сондықтан барлық адамда медициналық сақтандыру болуы керек, - деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін МӘМС-те сақтандырылмаған қазақстандықтардың көлік жүргізуіне тыйым салынуы мүмкін екендігі айтылған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы