Елімізде мұнай өңдеу қуаты артып, жаңа жұмыс орындары ашылады

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында еліміздің энергетика және мұнай-газ саласындағы стратегиялық бағыттарын атап өтті. Үкімет басшысы энергетика саласының экономикалық даму мен жаңа технологияларды енгізудегі рөлін ерекше айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Бұл бағытта біз нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз, – деді Премьер-министр форумда сөйлеген сөзінде.

Бүгінде қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Сонымен қатар жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұл жобалар Қазақстанды Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналдырады, – деді Бектенов.

Бұдан бөлек, бутадиен және карбамид өндірісі бойынша да жобалар қолға алынған. 2030 жылға дейін жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын алты ірі жобаны іске асыру жоспарланған.

Бұл мұнай-газ химиясы өндірісінің көлемін ұлғайтып, ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашады, – деп мәлімдеді Премьер-министр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 12 млн тоннаға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты, Қашаған және Теңіз кен орындарындағы газ өңдеу кешендері іске асырылып жатыр.

Бұл өндіріс орындарының барлығы қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған, – деді Олжас Бектенов.

"Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының екінші желісі аймақтарды газдандыруды жеделдетіп, индустриялық жобаларды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Қазақстан бүгінде Total Energies, Masdar, Energy China және China Power сынды халықаралық компаниялармен бірлесе отырып, жалпы қуаты 4 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобаларын іске асырып жатыр.

Сонымен қатар дәстүрлі энергетика, соның ішінде көмір секторын дамыту да назардан тыс қалған жоқ.

Қуаты 1 ГВт болатын үш заманауи көмір ЖЭО-ның құрылысы басталды, – деді Премьер-министр.

Қазіргі таңда елімізде жылына 18 млн тонна мұнай өңделеді. 2040 жылға дейін бұл көрсеткіш 39 млн тоннаға, ал өңдеу тереңдігі – 94%-ға жетпек.

Олжас Бектенов Қазақстанның ОПЕК+ аясындағы барлық міндеттемелерді бұлжытпай орындап отырғанын және жаһандық мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдап жатқанын да атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы