Елімізде мүлде спортзалы жоқ мектептер көп – Аймағамбетов
Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде мүлде спортзалы жоқ мектептер көп, талаптарға сай келмейтін, бейімделген спортзалдар көп. Сондай-ақ бейімделген мектептерде керек жабдықтар мен басқа да шарттармен мәселелер бар. Біз бұл мәселені қосымша алаңдар беру арқылы шешеміз, - деді ол.
Оған қоса, Аймағамбетов жаңа мектептердің өзінде де спортзалдардың талапқа сай келмеу мәселесі барын атады.
Дене шынықтыру сабағына қатысты айтар болсақ, соңғы жылдары салынған мектептердің өзі мемлекеттік жалпыға ортақ стандартқа сай келмейді. Өйткені дене шынықтыру аптасына үш рет. Мысалы, 1200 бала оқитын мектепке бір спортзал аздық етеді, - деді министр.
Баспасөз конференциясында Оқу-ағарту министріне сауал қоюшы журналист бастауыш сыныптарда қыздар мен ұлдар дене шынықтыру сабағына бір сыныпта киінетін жағдайлар да орын алатынын алға тартты. Аймағамбетов қыздар мен ұлдарға арналған киім ауыстыру бөлмелері мәселесі үш ауысымда оқитын, авариялық жағдайдағы мектептер және оқушы орындарының тапшылығы мәселесімен қатар шешілуі керегін айтты. Оның ойынша, аталған мәселе алдағы үш жылда шешілуі керек.