Елімізде мүгедектегі бар жандарға 25 млрд теңге жәрдемақы төленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушыдан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 32 млрд теңгеден астам қаражат төленді.
2021 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 32,1 млрд теңге, оның ішінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге – 25,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына – 6,7 млрд теңге төленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедек саны 521,5 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 165,9 мың адамды құрайды.
Мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 48 693 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 40 180 теңгені құрады.