Елімізде маска мен ПТР тестілеу бағасы төмендейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ведомствоаралық комиссияның отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау бойынша нақты шаралар әзірленді, деп хабарлады үкімет басшысының ресми сайты.
Отырысқа төрағалық еткен премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов президент көз жұмған 182 медицина қызметкерінің отбасыларына, сондай-ақ қызмет атқару кезінде COVID-19-бен ауырған дәрігерлерге өтемақы төлеу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салды.
Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктеріне, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне медицина қызметкерлерінің қайтыс болу фактісі бойынша өтемақы төлеуді осы жылдың 13 қазанында аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ 17 қазанда өңірлік комиссияларда өтінімдері қаралған кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде ауырған дәрігерлерге өтемақы тағайындауды аяқтау қажет, – деді Тоғжанов.
Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдармен, "Атамекен" ҰКП-мен және отандық тауар өндірушілермен талқылау қорытындысы бойынша қорғаныш маскасына 40 теңге, бір реттік медициналық маскаға 60 теңге мөлшерінде шекті бөлшек сауда бағасын белгіледі.
Тоғжанов жауапты мемлекеттік органдарға бизнес-қоғамдастықпен, салалық қауымдастықтармен бірлесіп, халыққа қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін үш күндік мерзімде ПТР тестілеу бағасын төмендету мәселесін пысықтап, ведомствоаралық комиссияның келесі отырысына келісілген ұсыныстарды шығаруды тапсырды.