Елімізде магистратура мен докторантураға құжат қабылдау 28 қазанда басталады

28 қазанда магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініштер қабылдау және докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау басталады. Құжаттарды қабылдау ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кешенді тестілеуге тіркелу 10 қарашаға дейін жалғасады. Шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары топтары бойынша бейіндік магистратураға түсушілердің құжаттарын жоғары оқу орындары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 28 қазан мен 10 қараша аралығында қабылдайды.

Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Тіркелу кезінде талапкерлер тест тапсыратын қаланы өздері таңдайды. Білім беру бағдарламаларының тобына, тестілеу тіліне және өткізу қаласына қатысты өтінішке өзгерістерді 10 қарашаға дейін енгізуге болады. Тестілеудің нақты күні туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетінде 13 қарашада қолжетімді болады.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу үш бөлімнен тұрады: шет тілінен тест, оқуға дайындықты анықтау тесті және білім беру бағдарламалары тобының бейіндік пәндері бойынша тест. Өту балы – 75. Ал бейіндік магистратураға түсушілер тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады. Өту балы – 30, соның ішінде әр пәннен кемінде 7 балл алу қажет.

Докторантураға түсуге арналған қабылдау емтиханына тіркелу 10 қарашаға дейін жалғасады. Талапкерлер жоғары оқу орындары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырып, содан кейін қабылдау емтиханына қатысуға өтініш беруге тиіс.

Докторантураға түсу үшін үміткерлер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификатты және шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты ұсынуы қажет. TOEFL ITP сертификаты бар адамдар қабылдау емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілі бойынша қосымша тестілеуден өтеді.

Қабылдау емтиханы қараша-желтоқсан айларында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы