Елімізде курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді
2025 жылы еліміздегі 8 негізгі курорттық аймаққа инвентаризация жүргізілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2025 жылды қорытындылау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол аталған жұмыстардың нәтижесінде 2025-2028 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасының жобасы әзірленгенін атап өтті.
Сондай-ақ биыл курорттық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуды, қауіпсіздік деңгейін арттыруды, логистиканы және туристік сервистерді дамытуды көздейтін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары, сондай-ақ 2025-2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілді.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізге туристік мақсатта 12,1 млн шетел азаматы келген. Олардың 8,6 млн-ы елде бір тәуліктен астам уақыт болған шетелдік туристер ретінде жіктелген. Орналастыру орындарының қызметін 1 млн шетелдік және 6,7 млн ішкі турист пайдаланған, бұл сырттан келген туризм мен ішкі туризмнің тұрақты өсімін көрсетеді.