Елімізде креативті индустрияны дамыту қоры құрылады

Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикадағы креативті индустрияны дамыту жөнінде баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол 2021 жылдан бері Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында ел экономикасында осы сектордың үлесін арттырудың маңызын бірнеше рет атап өткеніне тоқталды.

Республикада арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейді, саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданды, оны институционалдық тұрғыда қалыптастыру және осы саладағы бизнесті ынталандыру бойынша жұмыс жүргізілді.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы креативті индустрия 12 бағыт бойынша дамып, 43 экономикалық қызмет жіктеуіші түрін қамтиды. Қазақстанда креативті индустриямен айналысатын тіркелген субъектілерінің саны 45,5 мыңнан асады, еліміздің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құнның үлесі 1%-ды құрайды. Барлық субъектілердің 50%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған, олардың 70%-ы жеке кәсіпкерлер, - деді Аида Балаева.

Еліміздің креативті секторларында барлығы 143,6 мың адам жұмыспен қамтылғаны атап өтілді. Олардың ішінде IT, сәулет және сән өнері, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, сондай-ақ халықтың қолөнері еңбекті көп қажет ететін салалар болып саналады.

Сонымен қатар министр Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында креативті индустрияны қолдаудың арнайы институтын құруды тапсырғанын атап өтті.

Осылайша, заңнамаға сәйкес, креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға – Креативті индустрияларды дамыту қоры болады.

Қор Қазақстанның жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады және 4 негізгі бағыт бойынша қызметті жүзеге асырады:

- Таланттарды анықтау (конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу).

- Жобаларды дамыту (стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту).

- Инфрақұрылымды дамыту (хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету).

- Экспортқа қолдау көрсету (шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау).

Еліміздегі Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты АХҚО базасында басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылатын болады, - деп толықтырды Аида Балаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы