Елімізде коронавирусқа қатысты үшінші сайт іске қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы БҰҰ жанындағы Балалар қорының (UNISEF) қолдауымен covid-19.mentalcenter.kz сайты құрылды.
ҚР ДСМ баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда аталған сайт халыққа психологиялық көмек көрсетуге және азаматтарды қолдау үшін құрылған.
Сайт 4 сәуір – сенбі күні жұмысын бастайды.
Қазіргідей қиын жағдайда-коронавирустық инфекция өршіген тұста адамдарды қолдау үшін (UNICEF, WHO, Төтенше жағдайда психикалық денсаулық және психо-әлеуметтік қолдау бойынша ведомствоаралық комитеттің жұмыс тобы) психологиялық көмектің үздік халықаралық тәжірибесі жинақталды. Жаңа сайтта оқырман өз сұрақтарына жауап ала алады, психолог немесе психотерапевттер онлайн кеңес береді. Сізге сілтеме жазылған хабарлама келеді, сол арқылы келісілген уақытта маманмен онлайн байланысқа шығуға болады, - делінген хабарламада.
Бұл жобаға еліміздің барлық өңірлерінен денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік, мемлекеттік емес секторлар жүйесінде жұмыс істейтін 50-ден астам маман қатысуда.
Естеріңізде болса, бұған дейін еліміздегі коронавирус індетінің жалпы жағдайынан ресми ақпарат тарататын сoronavirus2020.kz сайты және Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның ресми парақшасы іске қосылған болатын.