Елімізде коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында оларды коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізілетінін айтты.
Министр бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлегенін айтты.
Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы 61 іс-шарадан тұрады. Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың мақсаты – инфляцияны 2022 жылы 4-6% дәлізінде ұстап тұру және оны 2025 жылға қарай 3-4% деңгейге дейін төмендету, - деп айтты Қуантыров.
Сөзінше, бұл іс-шаралар Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын қабылдауды, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз етуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізушілер үшін жалдау ақысын төмендетуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай, көмір, электр энергиясы, дәрілік препараттар және басқа бағалардың өсуін тежеуді қамтиды.
Жүйелі шаралар шеңберінде жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайту жоспарланып отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында оларды коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізіледі, - деп түсіндірді министр Үкіметте.