Елімізде көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады

Автокөлігі бар жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі жақындады, деп хабарлайды BAQ.KZ мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Жеке тұлғалардың 2023 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 2024 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. 2023 жылғы салықты есептеу кезінде былтырғы 3 450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылады.

Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасын kgd.gov.kz web-порталындағы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы салық калькуляторының көмегімен дербес есептеуге болады. Бұл ретте есептік сальдоны анықтау үшін салық органдары жыл сайын жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты тиісті жылға есептейді, - дейді ведомство.

Есептелген сомалары туралы ақпарат наурызда «Каспий банкі» АҚ және «Халық банкі» АҚ мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар түрінде жіберіледі. Сондай-ақ салық сомасы туралы ақпарат kgd.gov.kz web-порталдағы «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисінде, сондай-ақ «Каспий банкі» АҚ және «Халық банкі» АҚ мен «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшаларында болады.

Жеке тұлғалар салықтарды басқа жолдармен де: екінші деңгейдегі банк бөлімшелерінде қолма-қол ақша қаражаттарымен немесе төлем терминалдарында, банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлей алады, - деп толықтырды комитет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы