Елімізде кітап реставраторлары тапшы – Сырым Ботабеков
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда кітап реставраторлары жетіспейді. Ал отандық жоғары оқу орындары ондай мамандарды даярламайды. Бұл мәселені Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» бөлім басшысы Сырым Ботабеков айтты.
Маманның айтуынша, елімізде кітап өңдеумен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Салаға жауапты министрлік өкілдері қазақстандық жоғары оқу орындарымен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.
Қазақстанда тек 20 шақты кітап реставраторы бар. Елімізде реставрация жоқ деп айтуға болмайды, әр қордың кішігірім өңдеу жұмыстарын істейтін мамандары бар. Бірақ бұл қызметті кәсіби деңгейде атқаратындар аз. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметуллақызы осы саладағы мәселелермен танысып, шешуге септігін тигізетінін айтты. Қазіргі уақытта отандық жоғары оқу орындарымен реставратор мамандарды даярлау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде, - деп мәлімдеді ол.
Ал қазір жұмыс істеп жатқан мамандардың біліктілігін арттырумен Қазақстан бойынша тек екі мекеме айналысады.
Еліміздегі үлкен архивтерде реставрация зертханалары ашылып жатыр. Қазақстан бойынша реставраторлардың біліктілігін арттыру бойынша кәсіби деңгейде айналысатын екі орталық бар. Біріншісі – Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасы, екіншісі – елордадағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы». Енді «Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві» де қатарымызға қосылады. Шетелдіктермен тәжірибе алмасу аясында 2 маманымыз Арменияға реставраторлардың басқосуына барып келді. Сондай-ақ Корея, Түркия, Армения, Ресей елдерінен білімін жетілдірген мамандарымыз да бар, - деді «Реставрация-консервация» бөлімінің басшысы.
Сырым Сайлауұлының айтуынша, елімізде ірі мекемелерге құжаттарды ұзақ сақтауға жағдай жасалған. Ал ауылдық елдімекендерде бұл жағдай қиын.
Шалғай аудандарда жалақы аз, сондықтан жұмыс істеуге жасалатын жағдайлары жайлы айта алмаймын. Шетелге барып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері жоқ. Сондай-ақ ғұламалардың басым көпшілігі ауылдық жерден шыққан, сәйкесінше, олардың қолжазбалары да сол жергілікті мекендегі музейлерде сақталады. Ал ауылдағы мамандар құжатты сақтау нормативтерін дұрыс білмеуі мүмкін. Бұл жағдай оларды ұзақ уақыт сақтауға кері әсерін тигізеді.
Реставтатор маман қолжазбалардың ғұмырын қалай ұзартуға болатынын да айтты.
Құжатты сақтаудың нормативтері бар. Қағазды ұзақ уақыт сақтау үшін бөлменің температурасы +18 бен +20 градус аралығында, ал ылғалдылық 55-60% болуы қажет. Егер одан төмен немесе жоғары болса зиянын тигізеді, - деді Сырым Ботабеков.
Алматы қаласындағы ұлттық кітапхананың реставрация зертханасы 2001 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Ал елордада ондай бөлім 2018 жылы ашылды.