Елімізде Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін табиғи қорық құрылады

Ауыл шаруашылығы министрлігі "ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Каспий итбалығы популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи резерват құру туралы" Үкімет қаулысын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін жалпы көлемі 109 558,04 га, күзет аймағының ауданы 69 839,62 га болатын Каспий теңізінің акваториясында, Қазақстанның Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында Мемлекеттік табиғи резерват құрылсын, - деп жазылған құжатта.

Балық шаруашылығы комитетіне Каспий итбалығы популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи-қорық қоры жерлерінің шекарасын карталарда және іс жүзінде белгілеу тапсырылды.

Бұл ретте Маңғыстау және Атырау облыстарында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің "Каспий итбалығы популяциясын сақтау жөніндегі мемлекеттік табиғи резерваты" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылады.

Мекеме республикалық бюджеттен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұстауға бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылады.

Қаулы 2024 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде түсіндіргендей, Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілген.

Бұл түрлердің биологиялық ерекшелігі олардың мекендеу ортасының маусымдық өзгермелілігі болып табылады. Каспий итбалықтарын өсіру үшін Солтүстік Каспий теңізінің қазақстандық және ресейлік секторларында ғана қалыптасатын мұз жамылғысы қажет екені атап өтілген. Осылайша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі бұл түрді сақтауда маңызды рөл атқарады.

Құжат 5 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы