Елімізде кәсіпкерлік гранттарға сұраныс артты
Елімізде кәсіпкерлік гранттарға сұраныс артты, деп хабарлады BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Бизнес бастау арқылы 5 миллион теңге грант ұтып, биоакустикалық коррекция аппаратын сатып алдым. Ол балалардың жүйке жүйесін жақсартуға жұмыс істейді. Соның арқасында осындай орталық аштым. Бізге 2,5 жастан бастап, мектеп жасына дейінгі балалар келеді. Мұнда деффектолог, логопед мамандар бар, - деді коррекциялық дамыту орталығының басшысы Татьяна Куснутдинова.
Жалпы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 млн теңгеге дейін грант беріледі.
Мемлекеттік гранттар бөлу аясында 135 жоба қолдау тапты. Оның ішінде балабақша ашу, коррекциялық орталықтар ашу, басқа да жобалар бар. Аталған гранттарға кәсіпкерлер арасында сұраныс жоғары. Биылғы жылға түскен өтінімдер өткен жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Осыған байланысты әкімдік бюджетті екі есеге ұлғайтты, - деді қала әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров.
Бұл бағдарлама бойынша 135 жобаға қаражат берілген. Соның ішінде 29 жас кәсіпкер мен 27 әлеуметтік осал топқа жататын бизнесмен бар.
Айта кетерлігі, ұлттық жоба аясында кәсіпкерлер бір рет қайтарымсыз грант ала алады.