Елімізде карантин жағдайында алғашқы әуе рейсі жасалды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда ішкі әуе рейстері қайта іске қосыла бастады. Бүгін Алматыдан ел астанасына жолаушылардың алғашқы легі ұшып келді.


 

Енді Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында күніне төрт рейс жасалады. 


 

Оның екеуін "Эйр Астана", біреуін "Fly Arystan" тағы бірін "SCAT" әуе компания іске асырады. Ұшулар Airbus 320/321 және Embraer E190-E2 ұшақтарымен орындалады. 


 

Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін "Air Astana" мен "Fly Arystan" өзге ішкі бағыттар бойынша қатынайды. 


 

Жолаушыларды ұшақпен тасымалдауда санитариялық-карантиндік бақылау қатаң сақталған. 


 

"Nursultan Nazarbaev" әуежайына тек маскамен ғана кіре аласыз. 


 

Әуе кемесіне кірген кезде де масканы тағып отыру қатаң сақталады. 


 

Сондай-ақ, жолаушылардың COVID-19 инфекциясы жөніндегі анықтамасы болу керек. Онсыз ұшуға рұқсат жоқ. 


 

Одан бөлек әуежайда жолаушылардың да, экипаж мүшелерінің де дене қызуы тексеріледі. 


 


 


 

Тіркеуден өткенде, әуе кемесіне отырғызу және түсу кезінде жолаушылар бір метр ара қашықтықты сақтауы қажет. 


 

Ұшақта да жолаушылар әр кресло сайын отырғызылады. Бұл жайында әуе компания мен әуежай қызметкерлері үнемі ескертіп отырады, оған қоса әр жерде ескертпелер қойылған. 


 


 


 

"Нұр-Сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ атқарушы директоры Дәулет Хамзин алғашқы жолаушыларды қабылдау жұмыстарына 170-ке жуық қызметкер тартылғанын жеткізді.


 

Карантин жарияланғалы әуежай қызмет көрсетпеді, соңғы реті 30 наурызда жолаушыларға қызмет көрсеттік. Осы карантиннен кейін бүгін 1 мамыр күні Алматыдан келген алғашқы жолаушыларды қабылдадық. Карантин кезінде рейстерді қабылдау бойынша барлық санитариялық талаптарды сақтадық, күніне екі уақытта заласыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ғимараттың кіреберісіне бақылау постын қойдық, одан инфекцияға қатысты тесттен өткендер мен маска киген жолаушылар ғана өткізіледі, - деді Дәулет Хамзин.  


 

Бүгін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы арасында бірден бірнеше әуе рейсін жасау жоспарланған. 


 

Кешке қарай ел астанасына Атыраудан да жолаушылар ұшып келеді деп күтілуде.


 

 Алдағы уақытта жағдай түзеліп жатса, рейс санын артыру мен үлкен ұшақтарды шығару мәселесі қаралмақ.  


 

27 сәуір күні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы арасында әуе қатынасы іске қосылатынын мәлімдеген. 


 

Ал 4 мамырда осы екі қалаға Қызылорда, Өскемен, Семей және Петропавлдан қатынай бастайтынын айтқан еді. 


 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуекомпаниялары рейсінің кестесін жариялады. Алайда, рейс кестелеріне өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін ескертті.


 

 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы