Елімізде карантин басталғалы бері 711 000 тест жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирус пандемиясына қарсы шаралар туралы" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында айтты. 

Науқастардың 70 пайызы симптомсыз тіркелген азаматтар. Мұндай науқастарды анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, алдын ала профилактикалық скрининг өткізіп жатыр. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, карантин басында бір күнде 4000 скрининг жасасақ, қазіргі таңда  бір күнде жасалатын тест саны 25 000-ға артып отыр.  Жалпы, елімізде карантин басталғалы бері 711 000 тест жасалды. Олардың 260 мыңнан астамы (37%) профилактикалық скринингке жатады. Біз ірі ұжымдарды аралап, скрининг өткізіп, коронавирус анықталған бірқатар азаматты оқшаулауға жіберіп жатырмыз. Кейбір адамдарда «менің денсаулығымда  аурудың белгілері білінбейді, мені неге карантинге жіберді», деген сұрақ туындауда. Бұған қатысты айтарым, коронавирус біраз адамда симптомсыз жүреді. Ол өзінің бойында вирус барын, өзге біреуге жұқтыруы мүмкін екенін білмей де қалады. Аурудың алдын алып, вирус анықталған азаматтарды оқшаулауға жіберсе, эпидемияны тоқтатуға мүмкіндік бар, - деді министр.

Ол дүниежүзілік пандемияны тоқтату үшін әр адам, әр мемлекет карантиндік талаптарды сақтауы қажет екенін айтады.

Қазіргі таңда отандық және шетелдік сарапшылардың, мамандардың айтуынша, пандемия әлі аяқталған жоқ. Індеттің деңгейі карантин режимі кезінде төмен түскенімен, карантиндік шектеулерді алып тастасақ, қайта көтеріледі. Бұл бізде ғана емес, тұтас әлем елдерінде бар жағдай. Бұл өте қауіпті жағдай, оны түсінуіміз қажет. Дүниежүзіндегі пандемияны тоқтату үшін әр адам, әр мемлекет карантиндік талаптарды сақтауы қажет.  Ең біріншіден, әлеуметтік арақашықтықты (2 метр) сақтауды назарға алу керек. Маска тағу мен жеке бас гигиенасын сақтау да маңызды. Еліміздің бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жұмыс орындарында қызметкерлер санын барынша азайту керек. Мүмкіндігінше, қашықтан жұмыс істеу режимін енгізу қажет. Дегенмен, кейбір кәсіпорындарда жұмыскерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне жіберу мәселесі қиындық тудырады. Сондықтан, мұндай кәсіпорындарда санитарлық және дезинфекциялық шаралар мұқият сақталуы шарт. Бұл шаралардың сақталуын бақылау үшін жергілікті әкімдік өкілдері мен біздің санитарлық қызмет бақылау жұмыстарын жүргізуде. Соңғы аптада рейд өткіздік. Өкінішке қарй, бірқатар кәсіпорындарда санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл маңызды профилактикалық шара болғандықтан, кәсіпорын басшылары дұрыс түсінуі керек, - деді ол. 

Біртанов әрбір азаматты санитарлық шараларды мұқият сақтауға шақырды.

Кешегі өткен мекемеаралық комиссияның шешімімен, санитарлық шараларды енгізу және сақтау жұмыстары, сонымен қатар, көшелер, ірі дүкендер мен қоғамдық көліктердегі дезинфекциялық шаралар әлі де жалғасады. Осы шараларды сақтасақ қана пандемияны тоқтатуға мүмкіндігіміз бар. Пандемия аяқталған жоқ, вирус әлі арамызда жүр. Сондықтан, әрбір азаматтан санитарлық шараларды сақтауға шақырамын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы