Елімізде ішкі көші-қонды ынталандырудың жаңа шаралары енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, оларды іске асыру мақсатында көші-қон саясатының алдағы 5 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы шеңберінде ішкі көші-қонды ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар көзделетін болады.

Мемлекет басшысының ішкі көші-қон саясатын қайта қарау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жаңа Тұжырымдама шеңберінде елдің басқа облыстарында негізделген трансферт және қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту арқылы жұмыс орындарын құра отырып, азаматтардың солтүстік және орталық өңірлерге реттелетін қоныс аударуын ұйымдастыру тетігі көзделетін болады.

Осы бағыт шеңберінде:

- әрбір қабылдаушы облыста жер ресурстарымен, инженерлік, көлік-логистикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуді ескере отырып, қоныс аударуды ынталандырудың арнайы өңірлік бағдарламасын әзірлеу көзделеді. Сондай-ақ бағдарламаларда жұмыс күшінің тапшылығын сезінетін экономиканың басым секторлары айқындалатын болады;

- жұмыс орындарын құру бойынша барынша әлеуеті бар тиісті бизнес-идеялар конкурсы арқылы солтүстік және орталық өңірлер үшін 100 бизнес-жобаның кейсін қалыптастыру мәселесі пысықталуда;

- Жамбыл облысының оң тәжірибесін ескере отырып, орталық және солтүстік өңірлерде өндіріске және техникамен қамтамасыз етуге жеңілдетілген кредиттер арқылы ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру және кеңейту көзделеді;

-  жұмыс беруші жұмысқа орналасу фактісін растаған жағдайда, қоныс аударушылар үшін жаңа жердегі тұрғын үй құнының 50% - ы мөлшерінде (берілетін тұрғын үйдің орнына) қаржылық көмек алу құқығын куәландыратын ұтқырлық сертификаттарын енгізу жоспарлануда. Бұл сома тұрғын үй салуға немесе сатып алуға, сондай-ақ Отбасы банкіне бастапқы жарнаны енгізуге бағытталуы мүмкін.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жаңа Тұжырымдама аясында тарихи отанында қандастарды қабылдау және жайғастыру саясаты да қайта қаралатын болады.

Атап айтқанда, құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың келетін жерін айқындау тетігін енгізу және осы өңірде тұрақты тұрудың белгілі бір мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу мен ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау көзделеді.

Бұл тәсіл Германияда, Израильде және Ресейде отандастардың жергілікті қоғамға интеграциялану процестерін реттеу және ұлттық экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, олардың әлеуетін пайдалану үшін сәтті қолданылады.

Бұдан басқа, тарихи Отанымен байланысты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі мамандар немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтарға (басқа елдердің азаматтарына) Қазақ картасын бере отырып, енгізу ұсынылады.

Осы Картаның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, тұру құқығымен бірдей болатын елге жеңілдетілген кіру құқығын (бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу) иеленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы