Елімізде иппотерапия маманын даярлайтын оқу орны жоқ – маман
Бүгінгі таңда ең сұранысқа ие сауықтыру кешенінің бірі – иппотерапия. Қанша сұранысқа ие десек те бұнымен түбегейлі айналысу мүмкін болмай отыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселенің тереңіне үңілу үшін үш жылдан бері осы саламен айналысып жүрген маман Әмина Есинамен аз-кем әңгімелескен едік.
- Әмина, иппотерапиямен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
- Иппотерапиямен айналыса бастағаныма үш жылдай болды. Бірақ екі жыл бойы тек үйренуші ғана болдым. Себебі әрбір ісіңді, нені қалай істеуді толық біліп алмайынша аспаннан түскендей болып бастап кету – ешқандай нәтиже бермейді.
- Қайдан үйрендіңіз? Біздің елде иппотерапия маманын дайындайтын оқу орындары бар ма?
- Біздің елдегі Жоғары оқу орындары иппотерапия мамандығына оқытпайды. Ондай мамандық жоқ бізде. Тек Өскемен қаласындағы Иппотерапия орталығы ғана оқыды деген сертификат бере алады. Сол орталық қана қазір иппотерапиямен айналысамын деген адамды дайындап отыр.
Бұл мамандыққа қазіргі таңдағы сұранысты ескере отырып, еліміздің жоғары біліміне жауапты министрлік уақыт өткізбей осы мәселені қолға алса, құба-құп болар еді.
- Елімізде иппотерапияға сұраныс бар ма?
- Әрине бар. Бар болған соң ғой, біз Өскеменнен үйретуші шақыртып, Астанада арнайы білім алдық. Өкініштісі сол мұндай орталық біздің Астанаға да керек, алайда оны қалыптастырып, жолға қоятын адам жоқ. Біз соны қолға алғымыз келеді.
Ал иппотерапияны елімізде дамыту үшін мәселе көп. Әуелі – иппотерапияға жарамды ат дайындау мәселесі. Себебі мұндағы басты қажеттілік атқа байланысты. Жуас, балалардың кез келген қылығына, әрекетіне қажығырлық танытпайтын, ештеңеден үрікпейтін атты дайындап шығу айрықша қажырлылықты талап етеді. Екінші мәселе – иппотерапия сеанстарын өткізетін арнайы орталық ашу. Қазақ даласы қанша кең десек те, бір сәтте 15-20 атты қабылдап, сонымен жұмыс істейтін орын табу қиын. Үшіншіден – тура осындай орталық ашқан күннің өзінде мемлекет тарапынан нақты көмек болмаса, барлығы бекер.
Әрине, біздің мақсат мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша көмек көрсету, жанына шипа іздеген жандарға рухани қолдау жасау. Десе де бұнымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Мысалы жыл сайын осы иппотерапиямен айналысатын балалардың халықаралық деңгейдегі турнирлері, паралимпиадалары өтіп тұрады. Осыған да қатыссақ дейміз, оның өзі үлкен қаржылық қолдауды қажет етеді.
- Иппотерапияны қажет ететін науқас көп пе?
- Қазіргі уақытта бір ғана Астанада 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар, олардың барлығы үшін иппотерапия маңызды, өйткені социализация, абилитация, реабилитация сияқты мәселелерді шешеді.
- Жаңа да айтып жатырсыз, елімізде иппотерапия мамандарын даярлайтын не оқу орны не бір орталық жоқ екенін. Оның себебі неде? Неге маман тапшы?
- Негізі иппотерапия жәй ғана атқа міну емес. Әр бала – жеке тұлға. Сондықтан оның әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеу керек. Әрбірінің диагнозы да әртүрлі. Олардың мінез-құлқы да әртүрлі, тіпті өмір сүру салты, тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы да әр түрлі. Мұндай жағдайда біріншіден баланың жағдайына бейімделе алатын, екіншіден жылқымен жақсы жұмыс істей алатын маман табу қиын. Оның үстіне, біздің елде иппотерапия мамандығын даярлау орындары жоғын ескерсек, бұл мәселе тіпті күрделі бола түспек.
Десе де ауызды қу шөппен сүрте беруден аулақпыз, жаңағы Өскемендегі орталықпен бірлесіп, Астанада да сондай орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, оңай болмайды. Ал маман неге тапшы деген сұраққа келер болсақ, жоғарыда айтқанымдай, жұмыс ауыр, жылқыны, балаларды жанымен жақсы көріп, жанымен түсінетін адам өз қызығушылығымен келмесе, ешкімді күштеп әкеле алмайсыз.
- Жаңа бір сөзіңізде иппотерапияға үйретілген атты табу қиын деп айтып қалдыңыз. Жалпы, Астанада орталық ашсаңыздар бұл мәселені қалай шешесіздер?
- Иә, иппотерапияға бейімі бар жылқыны табу қиын. Ешқандай жылқы туада жуас болып тумайтыны белгілі. Сондықтан мен тапқан жылқымды иппотерапияға қайта бейімдеп, қайтадан үйретемін. Жастайынан дағдыланған жылқы болмағандықтан иппотерапияның ережелеріне, талаптарына бірден көндігіп кетуі де қиын.
- Ол жылқыларды қайдан аласыздар? Жылқыны иппотерапияға бейімдеудің қандай да бір методикасы бар ма?
- Әрине, әрбір істің өз ебін тауып, ығытын келтіретін мамандар болады ғой. Мен иппотерапияға ат дайындайтын украиналық және польшалық мамандардан онлайн режимде тәлім алып жүрмін.
- Иппотерапияның нақты пайдасы қандай?
- Бұл сұраққа сұрақпен жауап берейінші. Осыдан 100-ақ жыл бұрын ата-бабаларымыз аттан түспей, баласы атқа шауып, бозбаласы асау үйретіп, жігіті жылқы бағып, қариясы атпен қыдырып жүрді емес пе?! Сол кезде қазіргі қаптап кеткен небір аурулардың атауын да білген жоқпыз ғой. Бұның сыры неде, қалай ойлайсыз?
- Дұрыс айтасыз! Ал қазір неге біз білмейтін ауру түрлері көбейіп кетті?
- Біздің азаматтар аттан түсіп қалды ғой. Отырып қалды. Жұмысқа барса – кеңседе отырады, жұмыстан шықса – машинада отырады. Қазақ айтады, ауру аяқтан жабысып, бастан шығады деп, сол секілді, күні бойы қозғалыссыз отырған аяққа ауру үйір болмағанда қайтсін?! Одан кейін балаларда пайда бола бастайды, тіпті іште жатқанда, құрсаққа ауру ұрпақ салып жатырмыз.
Ал ата-бабаларымыз аттан түспей жүріп 2-3 әйел алып, әрқайсысынан 10-15 баладан сүйді. Бұл сұрақтың жауабын мен айтпасам да, тарих пен ұлтымыздың өткені өзі-ақ беріп тұр емес пе...
Десе де, біздің қазіргі қоғамдағы ерлер болсын, әйелдер болсын, тіпті балаларды да атқа мінгізетін күн келді.
- Сіздер ЖОО-ларға, колледждерге ұсыныс жасаған жоқсыздар ма, иппотерапия маманын дайындау бойынша?
- Біз әуелі иппотерапияның пайдалы екенін дәлелдейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгіміз келеді. Сол арқылы өзіміздің оқыту әдістемеміздің тиімділігін дәлелдесек дейміз. Содан кейін ғана медициналық немесе ауылшаруашылық университеттеріне тапсырғымыз келеді.
- Иппотерапияның әлемдік тәжірибесі қандай? Шетелдегі осы салаға қатысты жұмыстарды зерттеп көрдіңіздер ме?
- Иә, әлемдік тәжірибе бізден әлдеқайда көш ілгері кетіп қалғанын жасырудың керегі жоқ. Бізден басқа елдің көбі атты да, маманды да өздері дайындайтын жағдайға жеткен. Біз жылқы десе – соғым деп, сырқат десе – Құдайдың жазғаны деп қана қарайтын деңгейдеміз. Қазіргі таңда еліміздің Франциядағы елшілігіне өтініш жібердік, сол жақтағы иппотерапия орталықтарымен тәжірибе алмасу мәселесін қарастырып беруін сұрап. Әзірге жауап келген жоқ.
Біз дала халқымыз, бірақ өкінішке қарай Қазақстанда иппотерапия енді ғана дами бастады, әрине біз әлемдік тәжірибеден үйренуге мүмкіндік қарастыруға мәжбүрміз. Өйткені дамыған елдерде иппотерапия бұрыннан оңалту-сауықтыру үрдісі болып келеді.
Қалай десек те, сау болса да, сырқат болса да, атқа міну – баланы батырлыққа, қайсарлыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін бірден-бір құрал екенін баса айтқым келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!