Елімізде хабарландыру, баға көрсеткіштері мен ас мәзірі мемлекеттік тілде жазылатын болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің бүгінгі отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды қаралды.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы аталған Заң жобасы 2021 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданғанын атап өтті.
Заң жобасының мақсаты орфография нормаларын және мәтіндердің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіру.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және басқа да тілдерде жазуға бағытталған түзетулер енгізді. Бұл ретте, егер мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгілері пайдаланылған жағдайда, олар өзгермейтін түрде жазылады,-деді ол.
Сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және басқа да тілдерде орналастыруға, көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру мәселелері жөніндегі заңнамалық актілердің нормаларын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізген.
Б. Әбдіғалиұлы қаулыға сондай-ақ дін саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін нормалар енгізілгенін жеткізді.
Айталық, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізу туралы хабарлау рәсімі хабарлама тәртібіне ауыстырылады, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеу кезіндегі талаптар өзгертілді, дінге сенушілердің және дінге сенбейтіндердің азаматтық құқықтары нақтыланды, дінтану сараптамасын жүргізуге тартылатын адамдар тобы кеңейтілді,-деді ол.
Діни қызметті регламенттейтін ұсыныстардың енгізілуіне байланысты заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту бойынша түзету енгізілген.
Бұдан басқа, жекелеген нормалар нақтыланып, заң жобасының мазмұнын жақсартатын редакциялық түзетулер енгізіліпті.
Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодексіне және 16 заңына түзетулер енгізу көзделген. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасына оң қорытынды берді. Жұмыс тобының 13 отырысы және Комитеттің кеңейтілген екі отырысы өткізілді. 70-ке жуық түзетулер келіп түсті, оларды жұмыс тобы қарап шықты. Салыстырмалы кесте қабылданған 54 позициядан тұрады,-деді Б. Әбдіғалиұлы.
Депутаттар аталған заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.