Елімізде франциялық Лотарингия университетінің филиалы ашылды

Абай атындағы ҚазҰПУ-де Лотарингия университетінің (Франция) филиалы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Бұл жобаға ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігінің қолдауына орасан зор. 

Лотарингия университеті Францияның 13 қаласында 49 оқу ғимараттары бар жетекші француз университеттерінің бірі.  Әрі (Université de Lorraine) – француз мемлекеттік зерттеу университеті болып табылады. Лотарингия университетімен Абай университеті арасында ынтымақтастық бұрыннан жолға қойылған. Яғни Абай атындағы ҚазҰПУ мен бірге 2018 жылдан бастап "Халықаралық құқық" қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Лотарингия университетінің салтанатты шарасына арнайы келген Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге арнайы мемориалдық тақтаны ашты. Бұдан соң, қонақтар француз тіліндегі алғашқы Орталық-Азия кітапханасының ашылу салтанатына куә болды.  

Абай университетінің профессор-оқытушылары және студенттері мен  кездескен мәртебелі меймандар Лотарингия университеті филиалының ашылуы білім және ғылым саласына жаңа леп алып келетіндігін жеткізді. 

Жиынға Лотарингия университетінің Құқық, экономика және басқару институтының директоры Пьер Тифин, ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Болат Тілеп, ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің Басшысы Жәнібек Әбдірашов,  Қазақстан-Франция Сауда-Өнеркәсіп палатасының Бас директоры Мунира Артықбекова т.б басқа қонақтар қатысып, университет филиалының алдағы атқарар ісіне сәттілік тіледі.  

Айтулы күнде 1 курс студенттеріне ректордың білім гранттары табыс етілді. Сондай-ақ Лотарингия университетінің дипломдары "Халықаралық құқық" қос дипломды бағдарламасының түлектеріне арнайы берілді. Ал Сорбонна-Қазақстан институтының 5 үздік студентіне  "Freedom Шапағат" корпоративтік қорынан ай сайынғы 50 мың теңге мөлшеріндегі стипендия сертификаты ұсынылды.  

Арнайы өткен жиыннан соң, Абай университеті  ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясымен,  Лотарингия университетінің Құқық, экономика және басқару институты және Қазақстан-Франция Сауда-Өнеркәсіп палатасы арасында бірнеше ортақ келісім жасалып тараптар өзара меморандумға қол қойды. 

Алдағы уақытта білім, ғылым және адам құқықтары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, құқық саласындағы француз-қазақстандық қос диплом бағдарламасын іске асыру, кәсіптік даярлау, жұмысқа орналастыру және француз тілін үйрену саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша ортақ жобалар ары қарайда жанданатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы