Елімізде фармацевтика өнеркәсібі дамып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 39,7%-ға өсті. Ол отандық кәсіпорындарда шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюына байланысты.
Мысалы, "Химфарм" АҚ-да шығарылатын өнім көлемі 67% - ға артқан. Айта кету керек, аталған отандық фармацевтикалық компания соңғы 2 жылда экспорт көлемін 2,5 есеге арттырды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның дәрілік заттары Орталық Азия және ЕАЭО нарықтарында кеңінен сұранысқа ие. Өнімдер Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады. Сонымен қатар келесі жылы Өзбекстан нарығын игере отырып, экспортты екі есеге арттыру жоспарланған. Бұдан бөлек, маңызды бастамалардың бірі Еуропалық одақтың дәрілік нарығына шығу көзделген. Осылайша, 2023 жылға қарай экспорт көлемін 4 есеге, яғни 16 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, "Dolce Pharm" фармацевтикалық компаниясы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Жыл басынан бері шығарылатын өнім көлемі 22%-ға өскен. Бүгінгі таңда зауыт медициналық мақсаттағы 250-ден астам атау шығарады, оның ішінде медициналық бетперделер мен қолғаптар, бахилалар, стерильді операциялық жиынтықтар және бір реттік жаймалар.
Алдағы уақытта кәсіпорын тоқылмаған мата өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр, сондай-ақ лейкопластырь өндірісін ұйымдастыру көзделуде. Тоқылмаған мата өндіру жөніндегі жобаны іске асыру жеке қорғану құралдарын шығару үшін отандық кәсіпорындарды өз шикізатымен қамтамасыз етеді.
Он айдың қорытындысы бойынша "Абди Ибрагим Глобал Фарм" ЖШС шығарылатын өнім көлемін 7%-ға ұлғайтты. Қазіргі уақытта компанияның негізгі мақсаты Қазақстанның фармацевтикалық саласын одан әрі дамыту және инновациялық өнімді сату мен жан-жақты маркетингті қалыптастыру арқылы ТМД елдері арасында дәрілік заттардың экспорты бойынша жетекші орын алу болып табылады.
Сонымен қатар, өсім "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды жеткізудің ұлғаюымен, сондай-ақ коронавирустық пандемияға байланысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға халықтың жоғары сұранысына байланысты бөлшек саудада өткізудің ұлғаюымен қамтамасыз етілді.
Бүгінде салада 96 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 33-і дәрілік заттар, 41 медициналық бұйымдар және 22 кәсіпорын медициналық техника өндіреді. 5 мыңнан астам адам фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты қызметін қамтамасыз етуде.