Елімізде ең көп астық жинаған қай өңір?

Биылғы жылғы жиын-терін де аяқталды. «Балапанды күзде сана» дейтін халқымыз тарыны да талқан болмай тұрып өлшейді,  деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

1 қыркүйек күні халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы еліміздің аграрлық саласына қатысты арнайы тоқталған болатын. Президент әсіресе азық-түлік өндірісіне баса мән берлуі керектігін айтқан еді.

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Құланның қасуына, мылтықтың басуы тура келді дегендей қолымызға Ауыл шаруашылығы министрлігінің биылғы жиын-терінге қатысты мәліметтері тоғыстырылған құжат тиді. 

Экономика саласына аса білгір болмасақ та, қолымызға тиген сандарды сөйлетіп көруді ұйғардық.

Әуелі еліміз өткен жылы қанша центнер астық жинағанына бір көз жіберейікші.

Мысалы былтыр астық алқабы бойынша көш басында 4530,4 мың гектар алқапты 100 пайыз жинап алған Ақмола облысы тұрды. Екінші орында – 4059,3 мың гектар алқапты игерген Қостанай облысы болса, алғашқы үштікті 2994,1 мың гектар алқаптан дәнді дақыл жинаған СҚО түйіндепті. Бұл жалпы егіс алқабы бойынша көрсеткіш. Ал астық алқабының аздығы жағынан еліміздің алғашқы үштігін – 12,9 мың гектармен Шымкент қаласы, 96,6 мың гектармен Қызылорда облысы және 183,4 мың гектармен Алматы облысы иеленіп отыр.

Ал өткен жылы ең көп астық жинауда алға шыққан – 4002,2 мың тоннамен тағы да Ақмола өңірі болса, екінші орында – 3234,6 мың тонна астық бастырған СҚО, үшінші орында – 2930,8 мың тонна астықты қамбаға құйған Қостанай өңірі тұр. 

Сонымен, биылғы жылы астық алқабының көлемі жағынан қай өңір көш бастады?

Биыл да егін алқабы көлемі бойынша Ақмола облысы алдыңғы орында. Облыс биыл өткен жылғы жер көлемін 131,8 мың гектар алқапқа ұлғайтыпты. Яғни былтыр 4530,4 мың гектар алқапты игерсе, биыл 4662,2 мың гектардан сары алтынды қаптаған. Екінші-үшінші орындарға әдеттегідей Қостанай мен СҚО жайғасқан. Егін алқаптары – Қостанайда 3985,4 мың гектар болса, СҚО-да 3056,5 мың гектар. 

Байқағандарыңыздай биыл үш облыста да егін алқабының көлемі ұлғайған. Соған сәйкес өнім көлемі де айтарлықтай молайғанын байқауға болады. Мысалы өткен жылы өнім көлемі бойынша алғашқы орында тұрған Ақмола 4002,2 мың тонна астық жинаса, биыл 5455,2 мың тоннаға жеткен. Бір қызығы өткен жылы астық жинау бойынша үшінші орында тұрған Қостанай биыл екінші орынға көтеріліпті. Өнім - 4862,2 мың тонна. Биылғы үштікті түйіндеген СҚО – 4586,0 мың тонна астықты қамбаға құйыпты.

Еліміз бойынша дәл қазіргі таңда астығын толық орып алған 5 өңір бар. Олар – Ақтөбе облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысы және Қостанай облысы мен СҚО. Басқа өңірлер де негізінен астық жинау науқанын аяқтауға жақын. Дегемен Алматы облысы сылбыр қозғалып келеді. Жалпы еліміз бойынша астық жинау науқаны 99,2 пайызға аяқталған.

Ал соңғы екі жылдағы өнімділік бойынша саралайтын болсақ, қызық деректерге тап боламыз.

Егін алқабы қанша кең, түсімі жыл сайын артып келе жатса да, Ақмола облысы өткен жылмен салыстырғанда небары 3-ақ центнер өнімділік көрсеткен. 2021 жылы - 8,8 центнер болса, 2022 жылы – 11,7 центнер астық алған бір гектардан. Ал жылына 300 мың гектардан астам алқапты игеретін Түркістан облысы биыл өнімділіктің рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді. Мысалы өңір өткен жылы 1 гектар алқаптан 14,4 центнер өнім алса, биыл бұл көрсеткіш 23,3 центнерге жеткен. Соның нәтижесінде киелі мекен өнімділік бойынша елімізде көш бастап тұр.

Жалпы еліміз бойынша өткен жылы өнімділік көлемі гектарына 10 центнерден келсе, биыл 13,3 центнерге көтерілген. Ал өткен жылы қамбаға 15622,0 мың тонна астық жиналса, биыл - 21230,3 мың тонна астық қойманы толтырып отыр.

Еліміз бойынша 2021 жылы 15958,9 мың гектар егін алқабы болса, биыл - 16060,4 мың гектар алқапқа дәнді дақыл егілген.

Ендігі мәселе – астық бар, оны қалай шірітпей, қар астында қалтырмай, шып-шырғасын шығармай алтай қысқа сақтай аламыз? Бұл – басқа әңгіме.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы