Елімізде емханаға тіркеу науқаны басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда емхана таңдау науқаны басталды. Қыркүйектің 15-інде басталатын дәстүрлі науқан екі айға созылады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

 

Филиал мәліметінше, тіркеу өткен жылдан бастап eGov электронды үкімет порталы арқылы жүргізіліп келеді. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. 

Тіркеу процесінің автоматтандырылуы азаматтарды емханаға «сырттай» тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, еркін таңдау принципі бойынша азамат өзі тұрып жатқан бір әкімшілік бірлік аумағындағы емдеу мекемесінің біріне тіркеле алады. Облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда бір аудан ішіндегі емхананы таңдауға болады, - деді Тілеухан Әбілдаев.  

Айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 74 емхана қызмет көрсетеді. Оның жартысына жуығы – жеке меншік. 

 

Тіркеу науқаны барысында тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік емдеу ұйымдарына да тіркелуге болады. Тек таңдап алынған клиника Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен болуы шарт. Жеткізуші компаниялардың толық тізімімен қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады, - деді филиал басшысы. 

Сонымен қатар, бірқатар санаттар бұрынғыша емхананың тіркеу бөлімі арқылы тіркеле алады. Олар: 

·        Зейнеткерлер мен мүгедектер 
·        студенттер 
·        балалардың заңды өкілдері мен балалық шақтан мүгедек тұрғындардың қамқоршылары 
·        шетелде туған балалар 
·        түрмеде жазасын өтеп жатқандар (сол жердегі емдеу мекемесіне) 
·        әскери борышын өтеп жатқандар 
·        бөбектер, балалар мен қарттар үйлерінің тұрғындары 
·        ресми сенімхат арқылы тіркелетіндер 

Естеріңізге сала кетсек, биылғы науқан кезінде басқа емханаға тіркелген тұрғындар таңдаған емхана қызметін 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап пайдалана алады. Яғни, жылдың соңына дейін бұрынғы емханаға қаралады.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы