Кеше 2026, 23:54 Фото: depositphotos.com

Елімізде электромобильдерге арналған мемлекеттік нөмір түсі өзгеруі мүмкін

Әзірге жасыл түс қарастырылып жатыр.

Қазақстанда электрлі көліктерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің түсін өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Арман Қалықов қазіргі таңда техникалық бақылау құралдары электрлі және бензинмен жүретін көліктерді әрдайым ажырата алмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл әсіресе ақылы тұрақтарда, қуаттау станциялары бар аймақтарда, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру кезінде қиындық туғызады. Сонымен қатар жол-патрульдік полиция инспекторлары үшін де көліктің түрін жедел анықтау мәселесі бар.

Депутат электрлі көліктер үшін мемлекеттік нөмірлердің жеке түсін енгізуді ұсынды. Бұл ұсынысты Ішкі істер министрлігі қолдады.

Санжар Әділовтің сөзінше, әлемдік тәжірибеде мұндай нөмірлер көбіне жасыл түспен белгіленеді. Осыған байланысты Қазақстанда да мемлекеттік нөмірлерді жасыл түске көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Бұл өзгерістер заң қабылданғаннан кейін нақты бекітіліп, кезең-кезеңімен ел аумағында енгізілуі мүмкін.