Елімізде электр қуатын есептегіш құралдардың өндірісі өсті
Биыл алғашқы алты айда елімізде электр энергиясын есептегіштер (калибрленгендерді қоса алғанда) өндірісінің айтарлықтай өсуі байқалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өндіріс көлемі 21% өсіп, 198,5 мың дана есептегіш құрал жасалды.
Сонымен қатар электр есептегіштерінің импорты 27% өсті. Осы жылдың алғашқы алты айында 111,3 мың дана өнім импортталды, ал былтырғы сәйкес кезеңде импорт көлемі 87,6 мың дана болды. Шетелден келетін өнімнің нарықтағы үлесі 35,9% құрайды.
Осы жылдың қаңтар-маусым айларында 375 дана есептегіш экспортталды. Қазақстанның ішкі нарығында 2024 жылдың алғашқы жарты жылында 309,4 мың дана электр қуатын есептегіш құрал сатылды, - делінген хабарламада.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында электр энергиясы, сондай-ақ газ және сұйықтық есептегіштері Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Германия, БАӘ, Қытай, Грузия, Моңғолия және Түркияға экспортталған. Экспортталған өнімнің жалпы құны 879,4 мың АҚШ долларын құрап отыр.