Елімізде дипфейкке шариғат бойынша тыйым салынды

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы дипфейкке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дипфейк – жасанды интеллектті қолдану арқылы жалған бейнежазбалар жасау технологиясы.

Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайды. Алайда бұл даму адамзат игілігіне, әділеттілікке, адамгершілікке негізделіп, шариғаттың аясында жүзеге асуы тиіс. Сондықтан кез келген технология игі мақсатта қолданылса – рұқсат, ал жамандыққа, зиянды мақсатта қолданылса тыйым салынады, - деп мәлімдеді ҚМДБ.

Осылайша Deepfake технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жасау, жалған ақпарат тарату, шариғат бойынша қатаң тыйым салынады.

Мұндай жалған ақпарат тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға залалын тигізеді. Deepfake әдетте өзгеге зиян келтіру мақсатында пайдаланылады. Сонымен қатар мұндай контент адамдарды қорқытып, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең маңызды мақсаттарының бірі ретінде қарастырады. Тіпті қалжың түріндегі қорқытуға да шариғатта қатаң тыйым салынған. Дипфейк технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта тыйым салынады, - делінген ҚМБД шешімінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы