Елімізде дәстүрлі ұлттық театр ашу керек - Заитов
Мәжіліс депутаты Ринат Заитов дәстүрлі ұлттық театр ашуды ұсынды. Ол бұл туралы мәслихат депутаттарының форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат тасада қалған ұлттың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келгенін айтады.
Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абырой-намысымызды асқақтатқан айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар, әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді, - деді мәжілісмен.
Ринат Заитовтың айтуынша, ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажет.
Мәселен Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла-скала, Қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ, - деді депутат.