Елімізде дәрі-дәрмекті қадағалау жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр
Таңбаланған дәрілік заттарды тәжірибелік режимде қабылдауды, жөнелтуді және айналымнан алуды Қазақстандағы дәрілік заттардың бірыңғай дистрибьюторы «СК-Фармация» компаниясымен бірлесіп Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дәрілік заттарды қадағалау жүйесіндегі жұмысы бойынша тәжірибелер Алматы және Алматы облысында өткізілді.
Бүгінгі таңда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрландырудың басты мәселесі медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың теңгерімдері мен қадағалануы туралы нақты ақпараттың жоқтығы болып табылады. Медициналық ұйымдар ақпараттың өзектілігі мен сапасын қамтамасыз ете алмайтын ағымдағы дәрілік тұтынуды қолмен енгізу арқылы баланстық есептерді құрастырады. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылдың шілде айынан бастап дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады.
Сандық таңбалаудың мақсаты – цифрлық бақылау технологиялары арқылы көлеңкелі фармацевтикалық нарықты жою. Бұл бүкіл әлемде сауданың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын Track&Trace жүйелерінің бір түрі. Дәрілік заттарды таңбалауды дәрілік заттардың қаптамасының әрбір бірлігі үшін өндіруші/импорттаушы жүргізеді. Осы жүйенің арқасында ешбір өнім сауда тізбегіне жоқ жерден кіре алмайды. Бақылау функциясынан басқа, таңбалау жүйесі тұтынушыларға дәрілік заттың жарамдылық мерзімін және сатып алынған дәрілік заттың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті рұқсат етілген бағаға сәйкестігін білуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта эксперимент барысында түскен ұсыныстарға сәйкес тауарларды қадағалау жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда 90 атау бойынша дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілген болатын.
Сарапшылардың пікірінше, таңбалау және қадағалау дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуы керек, осылайша пандемия кезінде байқалғандай олардың ықтимал тапшылығын болдырмауы тиіс.