Елімізде дәрі-дәрмектер арзандайды

2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Дәрілік заттар мен медицина бұйымдарын сараптау ұлттық орталығының (ДЗСҰО) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін "СК-Фармаци"» ұйымында жүргізілген талдау сатып алу құнының негізсіз артуымен байланысты елеулі тәуекелдерді анықтаған болатын.

Белгілі болғандай, бұл мәселелер тікелей ДЗСҰО қызметімен байланысты. Негізгі тәуекелдер – шығындар мен жеткізушілердің үстемеақысы туралы ақпараттың жабықтығы, ақпараттық жүйелердің бөлшектенуі және деректерді қайта тексеру механизмінің болмауы.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары жеткізушілердің көлік шығындарына, маркетингке және сапаны бағалауға негізсіз үстемеақы енгізу арқылы дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыруға мүмкіндік берген.

Нәтижесінде дәрі-дәрмектердің тіркеуден өткеннен кейін дәріханалар сөрелеріне түсуіне дейінгі бағасы екі еседен астам өскен. Осыдан үлкен фармацевтикалық компаниялар артық пайда тапқан. Агенттік Денсаулық сақтау министрлігіне негізсіз үстемеақыларды жою және мониторинг жүргізуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу бойынша ұсыныстар енгізді.

Президент Әкімшілігі басшысының бұйрығымен осы салада баға белгілеу жүйесін цифрландыру бойынша жұмыс тобы құрылды.

Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстарына сәйкес дәрі-дәрмектердің шекті бағасы мен сатып алу тәртібіне қатысты денсаулық сақтау министрінің үш бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Нәтижесінде негізсіз үстемеақылар алынып тасталды, бұл кейбір дәрі-дәрмектердің бағасының төмендеуіне оң әсер етеді.

Сонымен қатар, ел бойынша QR-код арқылы тегін дәрі-дәрмек беру жобасы іске қосылды, бұл жалған рецептілерді жазу және ұрлау тәуекелдерін азайтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы