Елімізде дәнді дақылдар алқабының 99,2% жиналды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында астық жинау науқанының қорытындылары туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылы елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес дәнді дақылдардың 15,2 млн гектар жалпы алқабының 15,1 млн гектары жиналды, бұл 99,2%-ды құрайды. 19,1 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік 12,6 ц/га құрады.
Биыл жаз маусымының ыстық әрі құрғақ болуы дәнді дақылдар өнімділігінің төмендеуіне себеп болды. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда дәнді дақылдар өндірісінің төмендеуі күтілуде. Жаздың аптап ыстығымен қатар, егін жинау жұмыстары барысында ұзақмерзімді (жалпы есеппен 15-20 күн) жауын-шашын болды, бұл өз кезегінде астықтың сапасына да, өнімділігіне де әсер етті.
Алдын-ала есептер бойынша биыл дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының өнімділігі бункерлік салмақта шамамен 19 млн тоннаны құрауы мүмкін, бұл 2018 жылғы өніммен салыстырғанда 2 млн тоннаға кем.
Облыстар әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, биылғы 11 қазандағы жағдай бойынша 1,9 млн тонна дәнді дақыл тұқымы себілді, бұл 99%-ды құрайды, соның ішінде Қостанай облысы бойынша тұқым себу 98% аяқталды. Тұқымдарды дайындау жұмыстары жалғасуда. Тұқым жетіспеушілігі болмайды.
Жалпы жиналған жаңа өнімнен 2,9 млн тонна элеваторларға келіп түсті, оның 1,8 млн тоннасын бидай, 700 мың тоннасын арпа құрайды.
Жедел деректерге сәйкес, элеваторларға келіп түскен бидайдың 80%-ға жуығы азық-түліктік, 20% — мал азықтық және техникалық мақсатқа арналған бидай. Өткен жылы азық-түліктік бидайдың көлемі 93% болған.
Биылғы 2019/20 маркетингтік жылы дәнді дақылдар өндірісінің азаюына байланысты экспорттық әлеует өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 млн тоннаға төмендеуі мүмкін.
Бұл ретте, С. Омаровтың айтуынша, экспорттық бағыттарды кеңейтуге бағытталған өткен жылғы стратегиядан биылғы жылдың экспорттық стратегиясы өзгеше болады.
«Бұл маусымда негізгі міндет – Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, сондай-ақ, Ауғанстан және Иран тәрізді дәстүрлі өткізу нарықтарындағы қазақстандық астықтың орнын сақтап қалу», - деп түсіндіріп өтті ауыл шаруашылығы министрі.
Аталған елдердегі жоғары өнімге байланысты дәстүрлі импорттаушы елдердің сұранысы да төмендейтінін айта кеткен жөн.
Осыған байланысты осы бағыттарда бидай мен ұнның 5 млн тоннадан кем болмайтын орташа жылдық көлемін экспортқа шығаруды қамтамасыз ету қажет.
Сонымен қатар, қол жеткізілген келісімдер (хаттамаларға қол қою) аясында перспективті Қытай бағытында жоғары сапалы Hi-Pro бидайын, арпаны экспорттау қарқынын сақтап қалу қажет.