Елімізде биыл тәртіп бұзған 350 адам пойыздан түсірілді
Көліктегі ПД жолаушылар пойызы қоғамдық орын екенін және әрбір азамат белгіленген мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті екенін еске салады.
Жыл басынан бері 350 жолаушы тәртіп бұзғаны үшін пойыздан түсірілген. Оның ішінде 265 адам ішімдік ішкен және қоғамдық орынға мас күйінде келген. Ал 85 адам ұсақ бұзақылық және басқа да құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің басқарма бастығы Марат Дубаев мәлімдеді.
Кезекті оқиға Алматы – Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызында болған. Пойыз бастығының актісі негізінде Отар станциясындағы көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері пойыздан екі жолаушыны түсірді.
Тексеру барысында Алматы облысының 60 және 36 жастағы тұрғындарының алкогольдік масаң күйде болғаны, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, өзге жолаушыларға қолайсыздық туғызғаны анықталды. Құқық бұзушылар полиция бөлімшесіне жеткізіліп, қоғамдық орында масаң күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Марат Дубаев.
Көліктегі ПД жолаушылар пойызы қоғамдық орын екенін және әрбір азамат белгіленген мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті екенін еске салады.