Елімізде бірқатар жаңа кәсіби мерекелер атап өтіледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 8 жаңа кәсіби мерекені бекітуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство басшысы бұйрығының тиісті жобасы дайындалып, «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.

Атап айтқанда, кәсіби мерекелердің тізбесін мына айтулы күндермен толықтыру көзделеді:

- Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер күні – 7 сәуір;

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлері күні – 16 сәуір;

- Метрология қызметкерлерінің күні – 20 мамыр;

- Ветеринариялық қызметкер күні – 10 шілде;

- Аңшылық шаруашылығы қызметкерінің күні – қыркүйектің бірінші сенбісі;

- Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру қызметкерлері күні – 1 қазан;

- Стандарттау қызметкерлерінің күні – 14 қазан;

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні – 18 қараша.

Жаңа кәсіби мерекелерді енгізу туралы ұсыныстарға тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары бастама жасады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Кәсіби мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы» бұйрығының жобасымен мына сілтеме бойынша танысуға болады   https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15008211.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы