Елімізде бірнеше су қоймасы 90%-ға толған
Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Ресей аумағында Тобыл және Жайық өзендері бойынша су тасқыны ағынының қалыптасуына байланысты Су ресурстары министрі Росгидрометпен сағат сайын гидрологиялық дерек алмасып жатыр.
Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толы, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасына 99% су жиналды. Бұл нысандар да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр, су ағынының төмендеуі байқалады. Су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Шығыс Қазақстан облысында бес ірі су қоймасы орта есеппен 62%-ға толды, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Осы аптада су тасқынының белсенді кезеңі басталады деп күтілуде,- деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева.
Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 65%-ға толған.
Өңірде Шаған өзенінің деңгейі әлі де артып келеді, бүгінде Шаған су қоймасына ағын секундына 690 текше метр. Жайық өзені бойынша су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Ресейдің жедел мәліметтері бойынша, Ириклин су торабынан су жіберу кешегі деңгейде - секундына 1680 текше метр. Бұл су Қазақстан шекарасына 15-20 күнде жетуі мүмкін,- деді өкіл.
Оның айтуынша, су тасқынының алдын алу үшін министрлік пен Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдіктерінің қызметкерлері өзен арналарын мұз қабатынан тазартып, кептелістің алдын алу жұмысын атқарып жатыр.
Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% су жинады, мұнда да су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 96% су жинады, мұнда судың арнасынан көтерілуі байқалады. Өңірде Қаратомар су қоймасы бойынша жағдай күрделі. Мұнда секундына 2425 текше метр су келіп, секундына 2640 текше метр су жіберілуде. Бүгінгі күнге сағат сайын су ағынының азаюы байқалады. Қазір жергілікті жерде министрлік пен облыс әкімдігінің қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, суды қаупсіз өткізуді реттеуде. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% толды, мұнда да судың арнасынан асып кетуі байқалады,- деді Мөлдір Абдуалиева.
Елдегі жағдай бойынша барлық объектілерде тәулік бойы кезекшілік және су айдындарындағы ахуалға сағат сайын мониторинг жүргізіледі.