Елімізде білім беру мекемелерінің 99%-ы жылыту маусымына дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақытылы дайындалу мақсатында министрлік жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз ету және 2021 жылғы 11 қазанға дейін барлық коммуналдық-шаруашылық әлеуметтік сала объектісін, тұрғын үйлерді дайындауды аяқтау қажет, - деді министр.
Атамқұлов 6 қыркүйектен бастап Президент әкімшілігімен бірлесіп, өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығына тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.
Білім беру объектілерінің дайындығы 99%-ды құрайды. Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері білім беру объектілеріндегі жұмыстарды аяқтау бойынша шұғыл шаралар қабылдауы қажет, - деп түсіндірді ИИДМ басшысы.

Оның сөзінше, бүгінгі күні денсаулық сақтау объектілерінің дайындығы да 99%-ды құрап отыр.

Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктері объектілердің дайындығын аяқтауы қажет. Республика бойынша 48 мыңнан астам тұрғын үйді жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні дайындық 94%-ды құрайды. Жоспардан 4 өңір артта қалып отыр. Олар – Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Жоспарланған 4 шақырым жылу желілерінің 3,8 мың (96%) шақырымнан астамы жөнделді, - дейді министр Үкіметте.

Көмір сатып алу Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, мазут Ақмола, Түркістан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында төмен екені байқалады.

Дербес қазандықтарға отынды уақытылы сатып алу және жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Биыл 8 айда шамамен 68 млн тонна көмір өндірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы